Қазіргі жаһандық дамуда Қазақстан мемлекеті даму үрдісін қалыптастырып келеді. «Білімді ұрпақ-ел тірегі» дегендей, бүгінгі ұрпақтың білімді, білікті болуы өркениетті еліміздің басты қағидасы болып отыр. Заман талабына сай мектептерде оқыту мен оқуды жақсарту үшін мектеп мұғалімдері мен мектеп басшылары деңгейлік бағдарлама курстарына қатысып, біліктіліктерін арттыруда. «Мектепті басқарудағы көшбасшылық және кері байланыс жасау дағдысын қалыптастырудағы өзгерістер мен нәтижелер» тақырыбында 12 сәуір күні Қызылту орта мектебінің аясында аудандық семинар-практикум өткізілді. Семинарға аудандық білім бөлімінің басшысы С.Рысбаев, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Елеуова, әдістемелік кабинет меңгерушісі Г.Картенбай және мектеп басшылары мен тәрбие орынбасарлары қатысты. Мақсаты: ынтымақтастық орта қалыптастыру, мектеп басшысы мен педагогикалық ұжымның өзіндік дамуына мүмкіндік жасау, мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы қоғамдастық жұмысын жүзеге асыру. Семинар барысында 1 сыныпта оқыту мен оқуда жаңа тәсілдерді 7 модульді ықпалдастыру бойынша жаратылыстану, музыка, ағылшын тілі пәндерінен ықшам сабақ көрсетілді. 8 сыныпта зерттеу сабағы жүргізіліп фокус тобының жұмыстары жүргізілді. Оқушылар қоғамдастығының жұмысы дарынды, талантты оқушылардың қабілеттерін шыңдау үрдісін дамытты. Ал, ата-аналар қоғамдастығының жұмысында ата-ананың мектепке деген көзқарасын өзгерту мақсатында тренинг ұйымдастырылды. Мұғалімнің кәсіби дамуын жетілдіру негізінде бейнесабақ үлгісі көрсетіліп, мұғалімнің жасаған рефлексиясына көңіл бөлінді. «Оқытуды жақсартудағы көшбасшылықтың алар рөлі қандай?» тақырыбында мектеп басшыларымен коучинг өткізілді. Семинар қорытындысында қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, ризашылықтарын білдірді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Сартай Мырзабекұлы желілік қоғамдастық ортасы құрылып, мектептер арасында деңгейлік бағдарламаны игерген мұғалімдермен бірлескен жұмыстың бастамасы болу қажеттілігін атап айтты.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мектеп ұжымына және осы семинарда оқытудың жаңа тәсілін қолдану тәжірибелерімен бөліскен мұғалімдерге Смагулова Ж.Ғ., Сатанова П.Қ., Асанова М.А., Куренбаев Д.М., Досымбекова Ж.Ш., Ильясова Г.Н., Мәдениет М., Нуржигитова Г.О. алғыс білдіремін.
Болашақтың тізгінін ұстау бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Мемлекет болашағы мықты болу үшін білімнің алар маңыздылығы ерекше. Сол себепті шәкірттеріміз білімді, жан-жақты дамыған, интеллектуалды, көшбасшылық қасиеттері бар тұлға болуы қажет. Ал осы тұлғаны дамытатын, әрине-мұғалім. Алаш ұлы Мағжан Жұмабаев «Мұғалім-мектептің жүрегі» дегендей, жүректің соғысы мықты болса, алар асуымыздың биік болары сөзсіз.
Асанова Қ.А.
Қызылту орта мектебінің
басшысы